Биыл өңірде қосалқы станцияларды модернизациялау жұмыстары жүргізіледі
«Атырау Жарық» АҚ-ның 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында өңірдегі қосалқы станцияларды модернизациялау жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы «Атырау Жарық» АҚ Президенті Мейірбек Ғұбашев мәлім етті.
Өткен жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында 76 шақырым желі жаңартылған. Бұдан бөлек, жоба аясында мекемеге 1 кешен, 4 қосалқы трансформатор станциясы және 1 арнайы машина алынған. Инвестициялық бағдарламаны іске асыру барысында тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға, қосымша жүктемелерді қосуды қамтамасыз ету үшін қуатты арттыруға және эксплуатация мерзімін ұзартуға бағытталған жұмыстар жүргізілген.
-Мәселен, «Құлсары-220 ПС – Қаратон-1 ПС» ВЛ-110кВ Л-108 желісін реконструкциялау және модернизациялау жұмыстары жүргізілді. Атырау облысы Жылыой ауданындағы жалпы ұзындығы 76 шақырым «Құлсары-220 ПС – Қаратон-1 ПС» ВЛ-110кВ Л-108 желісі техникалық модернизациядан өткізілді. Модернизациялау барысында СК-26, СК-22, СЦ-22, У110-5+5 бағаналары ауыстырылды. Модернизация жұмыстарына дейінгі қуатын арттыру үшін бұрынғы АС-70мм² сымы АС-240мм² сымына ауыстырылды. Сондай-ақ, арнайы автокөлік құралын жаңарту бойынша, 2022 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бірлескен бұйрығына сәйкес 2021 жылдан кейінге шегерілген көліктер сатып алынды. Ол 1 дана КамАЗ 25 тн шассидегі автокран,- деді М.Ғұбашев.
Оның айтуынша, 2023 жылға инвестициялық бағдарламаның бірнеше міндеттері бекітілді. Осы жоба аясында 110/35/10-6кВ қосалқы станцияларын модернизациялау жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, №145 «Қаратон-2» ПС 110/35/10кВ модернизациялау мен ОРУ-110кВ ауыстыру қарастырылған. Сондай-ақ, Атырау облысы мен қаласында тозығы жеткен 0,4-6-10кВ желілерін модернизациялау жұмыстары. Нәтижесінде өткізу қабілетін арттыратын 400кВА жабдықтарын 630кВА түріне ауыстыру жоспарланып отыр.