Атырау энергокешенінің 60 жылдық мерейтойына орай жарық көрген басылымның 50 данасы Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми-  әмбебап кітапханасына сыйға тартылды. «Атырау энергокешені: кеше және бүгін» кітабында, 60 жылдық тарихы Атырау энергожүйесінің жүріп өткен жолы толықтай, қарапайым тілмен баяндалған. Басылымда осы жылдар ішінде тындырылған жұмыстар, орын алған елеулі оқиғалар, даңғыл жолдың бастаулары мен жобалардың куәсі болған ардагерлердің естеліктері жарияланған. Өз саласының тәжірибелі мамандары, басшылар мен мекеме озаттарының ой-пікірлері де қамтылған.
  Жалпы біздің өңірімізге «Ильич шамы» өткен ғасырдың басында келген. Алғашқы  қондырғылардың қуаты шектеулі болғандықтан, дизельдік электр стансаларының өндірген қуаты тек қана мұнай кеніштерінің жұмысын іске асыру үшін қолданылған. Тұрғын үйлерді, әр түрлі әлеуметтік нысандарды қамтамасыз ету арада жылдар өткеннен кейін ғана мүмкін болды. Атырау энергетикасының жылнамасы ресми түрде 1963 жылдың қаңтарынан басталады. Жылдың алғашқы айында, жаңадан құрылған Гурьев Электр Жылу Электр Орталығының алғашқы екі турбинасы іске қосылып, қалаға электр энергиясы беріле бастады. 
  Кітапхана меңгерушісі Сара Ізмұхамбетованың айтуынша, энергетиктер кітабы әрбір аудандағы кітапханаларға да жіберіледі.