Энергосбережение

«Атырау Жарық» АҚ-ы бойынша энергия үнемдеу туралы

АҚПАРАТ

 

Атырау облысы табиғи монополияларды реттеу департаментінің 24.07.2012ж. №103-НҚ бұйрығымен 2015 жылға нормативті техникалық шығын 292 824 мың кВ/сағ. көлемінде, электр энергиясының желілерге түсетін 1 741 135 мың кВ/сағ. көлемінің 16,81%, электр энергиясын беру және тарату қызметіне 1 449 135 мың кВ/сағ. көлемінде бекітілген.

«Атырау Жарық» АҚ-ның желілеріне 2013 жылы түскен электр энергиясының нақты көлемі 1 606 253 мың кВ/сағ.  құрады. Нормативті техникалық шығын 273 215 мың кВ/сағ. құрады, 17,01%. Электр энергиясын беру және тарату көлемі 1 333 038 мың кВ/сағ. құрады.  

«Атырау Жарық» АҚ-ның желілеріне 2014 жылы түскен электр энергиясының нақты көлемі 1 702 468 мың кВ/сағ.  құрады. Нормативті техникалық шығын 286 859 мың кВ/сағ. құрады, 16,85%. Электр энергиясын беру және тарату көлемі 1 415 609 мың кВ/сағ. құрады.  

«Атырау Жарық» АҚ-ы үшін электр энергиясының коммерциялық есебін автоматтандыру жүйесін (ЭКЕАЖ) құрудағы негізгі мақсаты – электр энергиясын беру және тарату кезіндегі шығынды нақты, яғни «Атырау ЖЭО» АҚ-ы өндірген немесе басқа өндірушілерден алынған және тұтынушыларға электр желілері бойымен жіберілген электр энергиясының көлемін нақты және оперативті түрде анықтау болып табылады.  «Атырау Жарық» АҚ-ы бойынша ЭКЕАЖ енгізу – Атырау облысында энергияны үнемдеу бойынша аймақтық бағдарламаны жүзеге асыру шараларының  бірі болып табылады, себебі, электр энергиясы шығынының ошағын уақытылы анықтап, жоюға, тұтынушыларды электр энергиясын тұтынғандығы немесе берілгендігі туралы ақпаратпен уақытылы қатамасыз етуге, компания желілеріндегі электр энергиясы шығынының есебін жүргізуге, электр энергиясының балансын (нақты шығын есебі) анықтауға септігін тигізеді.  Атырау облысындағы электр энергиясын беретін және тарататын негізгі ұйым болып табылатын «Атырау Жарық» АҚ-ы бойынша аталған ЭКЕАЖ жобасын жүзеге асыру барысында Атырау облысындағы энергия көздері мен тұтынушылардың қаржылық, энергетикалық және материалдық ресурстарын үнемдеуге әкеледі, бұл өз кезегінде энергия үнемдеу бағдарламасының басты міндеті болып табылады.

            ЭКЕАЖ енгізу барысында төмендегі:

-          әрбір есеп нүктесі бойынша электр энергиясын өндіру және тұтынудың коммерциялық есеп мәліметтері базасын жасау;

-          ҚР-ның көтерме және бөлшек сауда нарығындағы тұтынушылар бөлігінде электр энергиясын таратудың фактілі балансын жасау;

-          нарық субъектісінің оперативті-техникалық құрамын электр энергиясы мен қуатын тарату шарасын басқаруда объективті ақпаратпен қамтамасыз ету;

-          электр энергиясын жіберу барысындағы коммерциялық шығынды анықтау міндеттері автоматтандырылады. 

ЭКЕАЖ-нің бағдарламалы-техникалық құралдары «Атырау Жарық» АҚ-ның және «KEGOC» АҚ-ы тұлғасындағы жүйелік оператордың диспетчерлік пункттеріне электр энергиясы өлшемі мен қуатын қажетті дәлдікпен байланыс каналдары арқылы жинап, оперативті тарату мүмкіндігін береді. 

ЭКЕАЖ-нің негізгі міндеті нормативті құжаттармен заңдастырылған  электр энергиясы есебі туралы мәліметтерді нарық қағидаларына сай келісілген көлемде және мерзімде, дәлме-дәл беру болып табылады.

«Атырау Жарық» АҚ-нда ЭКЕАЖ енгізу электр энергиясы тұтынушыларына мынадай артықшылықтарды береді:

-          сатып алынатын электр энергиясының құнын оңтайландыру;

-          электр тұтыну тәртібін  оңтайландыру;

-          тұтынылған электр энергиясы құнының фактілі құнын субсидиясыз төлеу;

-          жоспарлы кезеңге электр энергиясының құнын жоспарлау;

-          электрмен сенімді жабдықтау;

-          электр энергиясы балансын анықтау;

-          электр энергиясы мен қуаттың бөлшек сауда нарығындағы субъектілерімен келісілген ақпарат алмасу.

Техникалық жоба негізінде Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті бекіткен 2010-12ж.ж. арналған инвестициялық бағдарламаға сәйкес Қазақстан 

Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрінің 18.08.2004ж. №183 «Атырау Жарық» АҚ-нда ЭКЕАЖ құру бағдарламасын бекіту туралы» бұйрығына сай кернеуі 6, 10, 35 және 110 кВ болатын барлық қосалқы станцияларда  ЭКЕАЖ енгізілді. 2013 жылдың соңында «Атырау Жарық» АҚ-ның ЭКЕАЖ өлшеу кешендерінің толық жұмыс істеуі және метрологиялық куәландыру бойынша барлық ұйымдастыру-техникалық шараларының аяқталысымен «KEGOC» АҚ-ы, МЭҚжБК-нің Атырау облысы бойынша АД-і және ОРЭ субъектілері өкілдерінің қатысуымен Атырау қаласы мен облысындағы 70 ПС пен 15 РП қамтитын жүйе өнеркәсіптік пайдалануға беріліп,   «KEGOC» АҚ-ы тұлғасындағы жүйелік оператордың электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесінің реестрінде 27.12.2013ж. №ОРЭ.02.0402.0011-2013 санымен 27.12.2017 жылға дейін әрекет ету мерзімі бойынша тіркелген.

«Атырау Жарық» АҚ-ның жоғарывольтты ПС және РП-да  ЭКЕАЖ енгізу бойынша аталған инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырғаннан кейін энергия үнемдеу және энергетикалық тиімділік саясатын жалғастыру аясында 0,4кВ кернеу бағытында фидерлік есеп бойынша орта деңгейлі ЭКЕАЖ құру жұмыстарын жалғастырды және тұрмыстық тұтынушыларға есеп құралдарын орнату шараларын жалғастырды. Бұл мақсатта «Атырау Жарық» АҚ-ы 2013-15 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама жасақтап, оны Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен келісімдеді. Бұл бағдарламаға жобаалды тексеру, ЭКЕАЖ-лерін тұрмыстық деңгейде және ТП, КТП 0,4кВ  енгізу бойынша техникалық жоба жасақтау, жабдықтар мен материалдар сатып алу, монтаждау-құрылыс және іске қосу-ретке келтіру жұмыстарына жұмсалатын қаражат енгізілген.

ЭКЕАЖ-лерін тұрмыстық деңгейде және ТП, КТП фидерлік есеп бойынша орта деңгейде тұрмыстық тұтынушыларға есептеу құралдарын орнату шарасы 3 жылға жоспарланып отыр, 2013 жылы ЭКЕАЖ техникалық жобасы негізінде GPRS модемді Альфа А1140 көпфункционалды 565 есептеу құралы Атырау қаласының 2, 3, 4 учаскелеріндегі 458 ТП, КТП-0,4кВ орнатылды, және 33 тұрғын үй мен 3140 тұрмыстық тұтынушыға кірме есептеу құралдары орнатылды. 2014 жылы бұл жұмыстар жалғасын тауып, GPRS модемді Альфа А1140 көпфункционалды 425 есептеу құралы Атырау қаласының №1, 5 учаскелеріндегі 358 ТП, КТП-0,4кВ орнатылды, және 33 тұрғын үй мен 3000 тұрмыстық тұтынушыға кірме есептеу құралдары орнатылды.  2015 жылы GPRS модемді Альфа А1140 көпфункционалды 610 есептеу құралы Атырау қаласының №6, 7 учаскелеріндегі 554 ТП, КТП-0,4кВ орнатылмақ, және қалған 34 тұрғын үй мен 3000 тұрмыстық тұтынушыға кірме есептеу құралдары орнатылатын болады. Қазіргі уақытта ТП, КТП-0,4кВ орта деңгейлі ЭКЕАЖ есептеу құралдарын орнату жұмыстары басталды. Жалпы осы инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру аясында фидерлік есептегі 1370 ТП, КТП-да 1600 дана электр есептегіш құралдарын орнатып, ЭКЕАЖ-мен қамту көзделіп отыр. 3 жыл ішінде тұрмыстық деңгейдегі 100 көпқабатты тұрғынүйлердегі 9140 тұтынушыға көпфункционалды есеп құралдарын орнату қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, «Атырау Жарық» АҚ-ы 2013 жылдан бастап қалалық тарату желілерінің реактивті қуатпен жұмыс жасау режимін оңтайландыру мақсатында реттелмейтін статистикалық конденсаторлар батареясы (БСК) қолдануда.

Реактивті қуатты компенсациялау – кернеуді реттеу және электр энергиясы шығынын азайту мақсатында тарату желілеріндегі  реактивті қуат балансына мақсатты ықпал ету шарасы. Оны енгізу барысында электр тарату желілеріндегі тиімді нәтижелілік пен сенімділік арта түседі.

04.05.2013 жылғы №100-31-АЖ (І саты) Шартына сай 2013 жылы «Атырау Жарық» АҚ-ның электр тарату желілеріндегі реактивті қуатты компенсациялау» жұмыстары атқарылды. Реактивті қуат бойынша ТП режимін тиімді оңтайландыру шарттары мен жүктеме деңгейін ескере отырып, құрамында қуаты 400-1000 кВА аралығындағы 14 трансформаторы бар 7 қос трансформаторлы ТП-6/10кВ таңдап алынды. Жалпы қуаты 762 кВар 14 дана конденсатор қондырғысы монтаждалды.

08.04.2014 жылғы №45-31-АЖ (ІІ саты) Шартына сай 2014 жылы Қалалық АЭЖ-нің 6-10кВ трансформаторлы қосалқы станцияларында жөнделген статистикалық конденсатор батареялары (БСК) есебінен 12 дана іске қосу және қорғаныс аппаратуралы реактивті қуат компенсациясы бойынша қызметтер атқарылды.

«Атырау Жарық» АҚ-ы бойынша 2015 жылы 6-10/0,4кВ трансформаторлы қосалқы станцияларда компенсациялайтын құрылғылар орнату шаралары жалғасуда.